Эссе мен шығарманың айырмашылығы
.RU

Эссе мен шығарманың айырмашылығы

Дата08.09.2017өлшемі273.13 Kb.
Алғы сөз
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 16 қарашасында шыққан №660 бұйрығына сәйкес 2016-2017 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға өзгерістер енгізілді. 11-сынып оқушылары үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазу міндеттелді. Эссе жазу мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болғандықтан, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан көмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Әдістемелік нұсқаулықта эссе термині, түрлері, құрылымы, ерекшелігі, талаптары және оның шығармадан айырмашылығы жөнінде түсінік беріледі. Сонымен қатар, эссе тақырыптары, оны бағалау критерийлері және эссе жазу үлгісі ұсынылып, талданды.

Эссе талаптары және бағалау критерийлері халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, бірнеше дереккөздердегі мәліметтерді қарастырып, сараптап, талдап ұйғарылған қорытынды шешім бойынша құрастырылды.

Әдістемелік нұсқаулық жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне, оқушыларға арналады.
Эссе мен шығарманың айырмашылығы





Эссе

Шығарма

Анықтамасы

Эссе дегеніміз (фр. тіл. essai -тәжірбие, лат.т. exagium – құрау ) – философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтану, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін. 

Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі.

Эссе – еркін композициялық құрылымға негізделген немесе көркем-публицистикалық жанрдың бір түрі

Шығарма – белгілі бір берілген тақырыпқа арналған, міндетті құрылымнан тұратын, тек пәндік білімге бағытталған шығармашылық жұмыс.

Эссе қатаң түрде жоспарға негізделуі міндетті емес.

Шығармада жоспарды жазу міндетті.

Эссе жеке көзқарас, сараптама, дәлелдемелерге негізделеді.

Шығарма формасы оның түріне байланысты, көбінесе көркем мәтінді талдауға негізделеді.

Эссенің мақсаты – эссе жазушының өзіндік көзқарасын, сыни ойын жетілдіру, ұстанымын дәлелді бекіту үшін жан-жақты білім алып, ақпараттық қарулану, тақырыпты ашуда метатанымдық білігін тиімді қолдану, шығармашылық қабілетін шыңдау, ой жүйелілігін реттеу, жазу түрлеріне қарай жазу тәсілдерін таңдай біліп, эссе түріне қарай жазу стилін сақтау, ой жүйесінің бірізділігін сақтауда сөз оралымдарын тиімді қолдану, шығармашыл жазбаларда сөздік қорының байлығын дамыту, талдау жұмыстарында қажетті термин сөздерді тиімді қолдану.

Шығарманың мақсаты – жазылым тілін дамыту, логикалық ойлауды дамыту, шығармашылык, қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде беруге ұластыру, әдебиетті іштей түсіне отырып, оның мәні мен құдіретті орнын өз дүниесінде көркемдеп бере алу.


Емтихан жұмысының сипаттамасы

Жазбаша емтихан жұмысы – эссе.

Уақыты: 180 минут.

Оқушылар берілген тақырыптардың ішінен 1-еуін таңдайды. Жазылған эссе жұмысы жалпы 20 балмен бағаланады. Оқушылар өздері таңдаған тақырып бойынша эссе көлемі 200 – 250 сөз болса, қазақ әдебиетінен тереңдетілген сыныптарда 250 – 300 сөзден тұратын эссе жазады. Оқушылар шимай парақты қолдана алады. Шимай парақты оқушы жұмыспен бірге тапсырады, бірақ тексерілмейді. Емтихан уақытында әдебиет хрестоматиясы, тақырыпқа қатысты көркем әдебиеттер, мақал-мәтел, қанатты сөздер кітаптары аудиторияға қойылады.


Емтиханда жазылатын эссе түрі: академиялық

Қорытынды аттестаттау емтихан болғандықтан, жазба жұмысы академиялық эссе түрі бойынша жазылады. Академиялық эссе ұзақ және қысқа мерзімді қамтиды.

Зерттеу жұмыстарына ұзақ мерзімді академиялық эссе тән. Ұзақ мерзімді академиялық эссеге кеңейтілген эссе түрі жатады. Оқушы қызығушылығымен таңдап алған тақырыбына зерттеу жүргізеді. Зерттеу 1- 1,5 жыл мөлшерін қамтуы мүмкін.

Қысқа мерзімді академиялық эссе білім алушының оқыған, талдаған, сараптаған білімін бағалау үшін беріледі. Қысқа мерзімді академиялық эссе емтиханға бөлінген уақытта орындалады. Академиялық эссе кез келген пәндер: жаратылыс, гуманитарлық, тіл, әдебиет бойынша жазылады. Әр пән функционалдық міндетіне сәйкес білім алушының білім нәтижесін бағалауға бағыттайды. Ана тілі мен әдебиеті пәндерінің қорытынды аттестаттау емтиханында әдеби эссе жазады.

Әдеби эссе – эссе түрлерінің ішіндегі ең күрделісі. Ол жазылу мақсатына қарай әдеби-талдау эссе, әдеби-сыни эссе, әдеби-синтез эссе, әдеби-дәлелдеме эссе, әдеби-салыстырмалы эссе, әдеби-шығармашыл эссе болып бөлінеді. Әдеби эссенің әрбір түрінің жазу әдістері бар. Әдеби-талдау эссені туындыға талдау жасай отырып жазады. Әдеби-сыни эсседе автор көзқарасына, автор бейнесіне, автор үлесіне сыни көзқарасын, пікірін білдіріп жазады. Әдеби-синтез эсседе бір тақырыптың бірнеше туындыдағы көрінісін талдай келе, шешім шығарады. Шешіміне талдау жүргізе отырып, қорытындыға келеді. Әдеби-дәлелдеме эсседе ұстанымын көрсете отырып, аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Әдеби-салыстырмалы эсседе туындыны басқа туындымен және сол туындыдағы кейіпкерлерді, оқиға жайларын салыстыра отырып, талдап жазады. Әдеби-шығармашыл эсседе әдеби туындыдағы оқиғаны өз шығармашылығымен оқиға тудырып және кейіпкер рөліне еніп немесе оқиға уақытына, мекеніне түсіп, сезімін, ойын, жай-күйін баяндап, сипаттап, суреттеп жазады.

Әдеби эссенің әр түрінің мақсаты, жазылу ерекшеліктері бар. Мақсат, жазылу ерекшеліктері эссе тақырыптары арқылы айқындалады. Мысалы,


  • «М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды автордың оқырманына жеткізу тәсілдерін талдап жаз». Әдеби-талдау эссе автордың тосын және қатыгез эмоцияларды жеткізу үшін қолданған тәсілдерін тауып, талдап жазылады.

  • «М.Әуезов «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды оқырманына қаншалықты әсерлі жеткізе алды?» Әдеби-сыни эссе автордың тіл шеберлігіне сыни бағасын бере отырып жазылады.

  • «Тосын және қатыгез эмоциялар: М.Әуезовтің «Көксерек» повесі және әлемдік әдебиетте». Әдеби-синтез эсседе бірнеше туындылардағы тосын және қатігез эмоциялардың берілуін талдай келе, өзіндік бағасын шығарады. Өзіндік көзқарасы тұрғысынан шығарылған бағасына талдау жүргізеді.

  • М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоциялар оқырман психологиясына кері әсер ете ме? Әдеби-дәлелдеме эсседе білім алушы өз позициясын /ұстанымын/ танытады. Позициясын аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Аргумент келтіруде М.Әуезовтің «Көксерек» повесімен ғана шектелмей, неғұрлым өзге дереккөздерден аргументтер келтірген сайын, соғұрлым эссе бағасы жоғарылайды.

  • «М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі Құрмашсың. Жоғалып кеткен Көксеректі күтпеген сәтте кездестірдің. Көксерек саған қарсы шауып, жараландың. Осы сәттегі сезіміңді сипаттап жаз. Әдеби-шығармашыл эссе жазуда Құрмаш рөліне енеді, сезімін, жай-күйін сипаттап жазады.


Эссе құрылымы




Әдеби-талдау эссе

Тақырыбы:

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбайдың Қодар мен Қамқаға шығарған үкіміне қатысты автор ойын талдап жазыңыз.

Роман-эпопеяда кейіпкер Қодар - жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні Қамқамен, немересімен ғана қалған қауқарсыз жан. Елмен қатар көшуге күйі келмеген Қодардың ескі жұртта қалып қоюы туралы баяндала отырып, Қодар келінімен жақын қатынаста екендігі, сондықтан көшпей оңаша отырғандығы туралы да мәлімденген. Бұл іске Құнанбай ел билеуші би ретінде Қодар мен Қамқаға өлім жазасын кеседі. Автор Құнанбайдың бұл үкіміне қатысты романда қандай ой жеткізеді?

Романды оқи отырып, Қодар мен Қамқаны өмірден оздыру арқылы Құнанбай ішкі есебін жүзеге асыруға жол ашты. Құнанбайдың көп малына жайылымдық жер керек еді. Автордың Бөкенші, Борсақтың өз жеріне көшіп келген сәтін: «Жартастан бері Сүйіндіктердің қарсы алдында қалың жылқы ендеп, жайылып келеді. Ішінде жирені мен құласы көп, Құнанбай жылқысы», - деп баяндауынан Құнанбай Бөкенші, Борсақ жеріне олардан бұрын келіп, баса-көктеп жайлап алғаны жеткізіледі. Мұхтар Әуезов Құнанбайдың бұл әрекетін баяндай отырып, ел билеуші Құнанбайды қолындағы билікті өз мүддесіне жұмсайтын әділетсіз сұлтан ретінде көрсетеді.

Сонымен қоса, Бөкенші, Борсақтың өкініші де Қодар мен Қамқа өлімінің Құнанбайға ғана пайдалы болғанын ұғындырады. Романдағы «Арманда кетіпсің ғой, есіл ерім, Қодар-ай» - деген Сүйіндіктің өкінішті сөзі дәлел. Бөкенші, Борсақтың бармақ тістеуін автор қақпанға түскен қасқырлар сияқты елестетеді. Бұл сәтті автор тарапынан қарастырғанда, Қодар мен Қамқа өлімі - Құнанбайдың жерін кеңейту үшін ғана қолданған айласы деп есептеуге болады. Ой салатын тағы да басқа себептер бар.

Қодар мен Қамқа – жалғандық құрбаны. Автордың жеткізуі бойынша, Құнанбай ел арасындағы сөздерге ғана сүйенді. Ру басыларының жиынындағы Сүйіндік пен Құнанбай арасындағы қызу талқы, Қодардың: «Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!», Қамысбайдан Қамқаның: «Жаным-ау, адам баласысың ғой... Осы айыбымыз не? Не қылмақсыңдар? Айтып өлтірсеңші?» - деген сөздер Құнанбай үкімінің адалдығына күмән тудырады. Сондықтан бұл үкім адал болды деп айту қиын.

Қорытындылай келе, Құнанбай шешімі арқылы автор қазақ еліндегі биліктің халық жайынан алыс болғанын көрсетті. Билік әділ болғанда ғана халыққа қызмет ете алады.




Әдеби-талдау эссеге құрылымдық талдау

КІРІСПЕ

Тақырыпты түсіну сөйлемі:

Роман-эпопеяда кейіпкер Қодар - жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні Қамқамен, немересімен ғана қалған қауқарсыз жан.


Бұл сөйлемде эссе жазушы эссенің тақырыбына орай, эссенің кім туралы болатынына түсінік беріп тұр. Романдағы кейіпкер Қодар туралы баяндады.

Тақырыптың өзектілігі:

Елмен қатар көшуге күйі келмеген Қодардың ескі жұртта қалып қоюы туралы баяндала отырып, Қодар келінімен жақын қатынаста екендігі, сондықтан көшпей оңаша отырғандығы туралы да мәлімдеген. Бұл іске Құнанбай ел билеуші ретінде Қодар мен Қамқаға өлім жазасын кеседі.


Тақырыптың өзектілігі эссе жазуға себеп болған жайдан хабардар етеді. Өзекті мәселе – Қодар мен Қамқа арасындағы қатынас.

Тезис:

Автор Құнанбайдың бұл үкіміне қатысты романда қандай ой жеткізеді?


Эссе тақырыбынан тезис қойылады. Тақырып Құнанбай үкіміне қатысты автор ойын сұрап тұр. Сондықтан тезис те автор ойын талдауға құрылған.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

1 - абзац

Тезисті қолдаушы пікір

Романды оқи отырып, Қодар мен Қамқаны өмірден оздыру арқылы Құнанбай ішкі есебін жүзеге асыруға жол ашты.


Тезис Құнанбай үкіміне қатысты автордың ойын талдауды негізгі идея ретінде алды. Соған қатысты тезистегі негізгі ойды қолдайтын пікір білдірілді. Пікір Қодар мен Қамқа өліміне қатысты Құнанбай үкімі туралы автордың оқырманына жеткізген ойын талдауға байланысты білдірілген.

Аргументке дейінгі баяндау(уақыт, мекен, жағдай, қатысушылар т.б.)

Құнанбайдың көп малына жайылымдық жер керек еді. Автордың Бөкенші, Борсақтың өз жеріне көшіп келген сәтін:


Әдеби эссенің ерекшелігіне қарай аргумент келтіргенге дейін сол сөздің болған уақыты, мекені, жағдай, кімдердің бұл сөзге қатысы бар екендігі туралы қысқаша баяндайды.

Аргумент

«Жартастан бері Сүйіндіктердің қарсы алдында қалың жылқы ендеп, жайылып келеді. Ішінде жирені мен құласы көп, Құнанбай жылқысы»-


Құнанбайдың ішкі есебін білдіретін автор баяндауын аргумент ретінде алған.

Талдау (анализ)

деп баяндауынан Құнанбай Бөкенші, Борсақ жеріне олардан бұрын келіп, баса-көктеп жайлап алған басқыншы сияқты жеткізіледі.


Аргументтен кейін автор баяндауынан нені ұғуға болатыны, автордың оқырманға жеткізбек ойына талдау жасайды.

Абзацты қорытындылаушы сөйлем

Мұхтар Әуезов Құнанбайдың бұл әрекетін баяндай отырып, ел билеуші Құнанбайды қолындағы билікті өз мүддесіне жұмсайтын әділетсіз сұлтан ретінде көрсетеді.


Абзацта айтылған пікір, аргумент, анализдерден кейін абзацты қорытындылап, жинақтап, бекітетін сөйлем.

2 - абзац

Тезисті қолдаушы пікір

Сонымен қоса, (сөз оралымы) Бөкенші, Борсақтың өкініші де Қодар мен Қамқа өлімінің Құнанбайға ғана пайдалы болғанын ұғындырады.



Аргумент

Романдағы «Арманда кетіпсің ғой, есіл ерім, Қодар-ай» -



Талдау (анализ)

деген Сүйіндіктің өкінішті сөзі дәлел. Бөкенші, Борсақтың бармақ тістеуін автор қақпанға түскен қасқырлар сияқты елестетеді.



Абзацты қорытындылаушы сөйлем

Бұл сәтті автор тарапынан қарастырғанда, Қодар мен Қамқа өлімі - Құнанбайдың жерін кеңейту үшін ғана қолданған айласы деп есептеуге болады.



Негізгі бөлімнің бір абзацынан екінші абзацқа өтуші сөйлем

Ой салатын тағы да басқа себептер бар.



3 – абзац

Тезисті қолдаушы пікір

Қодар мен Қамқа - жалғандық құрбаны.



Аргумент

Автордың жеткізуі бойынша, Құнанбай ел арасындағы сөздерге ғана сүйенді. Ру басыларының жиынындағы Сүйіндік пен Құнанбай арасындағы қызу талқы, Қодардың: «Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!», Қамысбайдан Қамқаның: «Жаным-ау, адам баласысың ғой... Осы айбымыз не? Не қылмақсыңдар? Айтып өлтірсеңші?» -



Талдау(анализ)

деген сөздер Құнанбай үкімінің адалдығына күмән тудырады.



Абзацты қорытындылаушы сөйлем

Сондықтан бұл үкім адал болды деп айту қиын.



ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ

Қорытындылай келе, Құнанбай шешімі арқылы автор қазақ еліндегі биліктің халық жайынан алыс болғанын көрсетті. Билік әділ болғанда ғана халыққа қызмет ете алады.


Әдеби-талдау эсседе тезиске оралу міндетті емес. Қозғалған тақырыптың маңыздылығы туралы жазып, өз көзқарасын қысқаша жеткізіп, аяқтайды.
Әдеби-дәлелдеме эссе

Тақырып:

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Қодар мен Қамқа өліміне қатысты Құнанбай үкімі дұрыс па?

Қодар роман-эпопеяда жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні мен немересін сүйеніш еткен қайғылы кейіпкер бейнесінде танылған. Ол ауыл-аймағы жайлауға көшкенде, қонысын аударуға күйі келмей ескі жұртта қалып қояды. Оның көшпей қалуы туралы ел арасында жағымсыз сөздер тарай баастайды. Келінімен жақын қатынаста болды деген айыппен Қодар мен Қамқаны өлтіру ұйғарылады. Менің ойымша, Құнанбай шешімі дұрыс.

Қодар мен Қамқаны өлтірмеске Құнанбайдың амалы болмады. Ру басыларының жиынында Сүйіндіктің сөзіне: «Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елді терге. ...Ел аузына қақпақ болып көрші», - деп шарасыздық танытып сөйлейді. Автор Құнанбай мен Сүйіндік арасындағы тайталас арқылы оқиғаның өріс жайып, шарықтап кеткендігін жеткізеді. Анық-қанығы айқындалмаса да, елге тыйым салу қажет. Сондықтан Құнанбай үкімінің өлім болуы шарасыздықтан туындаған.

Оған қоса, романнан тыс туындылар да шешімнің әділдігіне сендіреді. Бұған Ш.Құдайбердіұлының «Қодардың өлімі» поэмасында: «Ел бұзатын ерсі істі өршітпеске, дарға асып, таспен атқан өз ағасы» деген жолдар негіз болады. Ғалым Т.Жұртбайдың «Жетпіс жыл жұртын сүйіндірген сұлу сөз» мақаласында «Атасы мен келінінің арасындағы зинаны тыю үшін Құнанбай дала заңына сүйене отырып, оларды қоғамнан аластау туралы үкім шығарады. Екеуін дарға асып, болашақта басына жастардың келуі мүмкін деп қауіптеніп, опасыз оқиғадан ескерткіш қалмау үшін денелерін қара жерге де бермей, өртеп жіберген. Бірақ романда Қодар жазықсыз кедей ретінде суреттеліп, күнәсіз жандарды Құнанбай жер үшін өлімге қиған болып, өмірлік шындық көркемдік шындыққа айналып кете береді», - дейді. Бұл деректер оқиғаның растығына сендіреді. Сондықтан Құнанбайдың үкімімен келіспеуге негіз жоқ, оны ұрпақ болашағын ойлаған кемеңгер деп айтуға болады.

Қорытындылай келе, ақиқатқа негізделген жаза теріс өнеге қалдырмауды көздеген. Ұлт ұрпағының бұзылуының алдын алған қатал шешім – көреген жанның ісі. Бұл оқиға әрбір оқырманын түзу жолдан адаспауға тәрбиелейді.
Әдеби-дәлелдеме эссеге құрылымдық талдау

КІРІСПЕ

Тақырыпты түсіну сөйлемі:

Қодар роман-эпопеяда жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні мен немересін сүйеніш еткен қайғылы кейіпкер бейнесінде танылған.



Тақырыптың өзектілігі:

Ол ауыл-аймағы жайлауға көшкенде, қонысын аударуға күйі келмей ескі жұртта қалып қояды. Оның көшпей қалуы туралы ел арасында жағымсыз сөздер тарай баастайды. Келінімен жақын қатынаста болды деген айыппен Қодар мен Қамқаны өлтіру ұйғарылады.



Тезис:

Менің ойымша, Құнанбай шешімі дұрыс.



НЕГІЗГІ БӨЛІМ

1 - абзац

Тезисті қолдаушы пікір

Қодар мен Қамқаны өлтірмеске Құнанбайдың амалы болмады деп шарасыздық танытып сөйлейді.



Аргументке дейінгі баяндау(уақыт, мекен, жағдай, қатысушылар т.б.)

Ру басыларының жиынында Сүйіндіктің сөзіне:



Аргумент

«Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елді терге. ...Ел аузына қақпақ болып көрші», -



Талдау (анализ)

деп шарасыздық танытып сөйлейді. Автор Құнанбай мен Сүйіндік арасындағы тайталас арқылы оқиғаның өріс жайып, шарықтап кеткендігін жеткізеді. Анық-қанығы айқындалмаса да, елге тыйым салу қажет.



Абзацты қорытындылаушы сөйлем

Сондықтан Құнанбай үкімінің өлім болуы шарасыздықтан туындаған.



2 - абзац

Тезисті қолдаушы пікір

Оған қоса, романнан тыс туындылар да шешімнің әділдігіне сендіреді.



Аргумент

Бұған Ш.Құдайбердіұлының «Қодардың өлімі» поэмасында: «Ел бұзатын ерсі істі өршітпеске, дарға асып, таспен атқан өз ағасы»...

Ғалым Т.Жұртбай «Жетпіс жыл жұртын сүйіндірген сұлу сөз» мақаласында «Атасы мен келінінің арасындағы зинаны тыю үшін Құнанбай дала заңына сүйене отырып, оларды қоғамнан аластау туралы үкім шығарады. Екеуін дарға асып, болашақта басына жастардың келуі мүмкін деп қауіптеніп, опасыз оқиғадан ескерткіш қалмау үшін денелерін қара жерге де бермей, өртеп жіберген. Бірақ романда Қодар жазықсыз кедей ретінде суреттеліп, күнәсіз жандарды Құнанбай жер үшін өлімге қиған болып, өмірлік шындық көркемдік шындыққа айналып кете береді», - дейді.

Талдау (анализ)

деген жолдар негіз болады. Бұл деректер оқиғаның растығына сендіреді.



Абзацты қорытындылаушы сөйлем

Сондықтан Құнанбайдың үкімімен келіспеуге негіз жоқ, оны ұрпақ болашағын ойлаған кемеңгер деп айтуға болады.



ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ

Қорытындылай келе, ақиқатқа негізделген (тезиске оралу) жаза теріс өнеге қалдырмауды (негізгі бөлім абзацтарының түйіні) көздеген.



Эссені қорытындылаушы сөйлем

Бұл оқиға әрбір оқырманын түзу жолдан адаспауға тәрбиелейді.

Бір мәселені қозғаған екі эссе. Екеуінің тақырыбы екі түрлі берілгенімен, қозғаған мәселелері - Қодар мен Қамқа оқиғасы. Бірінші тақырыптың жазу тәсілі – талдау, екіншісінікі – дәлелдеу. Бірінші эсседе оқушы автор ойын талдап жазады, екіншісі дәлелдеп жазады. Бірінші эссенің тезисі негізгі идеяны білдірсе, екінші эссенің тезисі позиция/ұстанымды білдіреді. Бірінші эсседе негізгі идеяны талдаса, екінші эсседе позицияны аргументтермен қорғап, бекітеді.
Эссені бағалау

Бағалау әдеби эссе түрлерінің барлығын қамтиды, бірақ эссе түріне қарай бағалау критерийінің ішінен сол эссе түріне сәйкесі бойынша ғана бағаланады.

Балл

Сыни ой /Анализ/

Тіл сауаттылығы

9-10

  • тақырыпты өте жақсы түсінгенін көрсетеді; тақырыптан еш ауытқымайды;

  • тезисті(ұстаным, негізгі идея) тақырыпқа сәйкес өте жақсы қояды;

  • тезиске қатысты өте жақсы пікір білдіреді (сыни ой, көзқарас);

  • сыни пікіріне өте жақсы нақты дәлелдер (аргументтер) келтіреді;

  • анализ жасау үшін алған дәлелдерді, автор қолданған тәсілдерді өте жақсы талдайды;

  • әдеби терминдерді, деректерді өте орынды қолданады;

  • әдеби шығармаға өте жақсы сыни сараптама жасайды;

  • ойдың логикалық бірізділігін өте жақсы сақтайды;

  • өз талдауының, сараптауының түйінін өте жақсы қорытындылап, шешім ұсынады.

  • эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін (баяндау, дәлелдеу, сипаттау) өте жақсы таңдайды;

  • стильге қатысты сөздерді өте тиімді пайдаланады;

  • ойдың логикалық бірізділігін сақтау үшін сөз оралымдарын (шылау, қыстырма сөздер) өте жақсы таңдайды;

  • бай сөздік қорын өте тиімді дәлдікпен, икемділікпен қолданады;

  • оқырманға ерекше әсер беру мақсатында қолданылатын көркем тіл құралдарын өте орынды қолданады;

Грамматикалық сауаттылық:

3 қатеге дейін




7-8

  • тақырыпты жақсы түсінгенін көрсетеді, тақырыптан ауытқымайды;

  • тезисті (ұстаным, негізгі идея) тақырыпқа сәйкес жақсы қояды;

  • тезиске қатысты жақсы пікір білдіреді(сыни ой, көзқарас);

  • сыни пікіріне нақты дәлелдерді (аргументтер) жақсы келтіреді;

  • анализ жасау үшін алған дәлелдерді, автор қолданған тәсілдерді жақсы талдайды;

  • әдеби терминдерді, деректерді орынды қолданады;

  • әдеби шығармаға сыни сараптаманы жақсы жасайды;

  • ойдың логикалық бірізділігін жақсы сақтайды;

  • өз талдауының, сараптауының түйінін жақсы қорытындылап, шешім ұсынады.

  • эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін (баяндау, дәлелдеу, сипаттау) жақсы таңдайды;

  • стильге қатысты сөздерді тиімді пайдаланады;

  • ойдың логикалық бірізділігін сақтау ү шін сөз оралымдарын (шылау, қыстырма сөздер) жақсы таңдайды;

  • бай сөздік қорын дәлдікпен, икемділікпен тиімді қолданады;

  • оқырманға ерекше әсер беру мақсатында қолданылатын көркем тіл құралдарын орынды қолдануға тырысады.

Грамматикалық сауаттылық:

7 қатеге дейін



5-6

  • тақырыпты қанағаттанарлық деңгейде түсінгенін көрсетеді, тақырыптан біршама деңгейде ауытқиды;

  • тезисті(ұстаным, негізгі идея) тақырыпқа сәйкес қоюы әлсіз;

  • тезиске қатысты білдірген пікірі (сыни ой, көзқарас) әлсіз;

  • сыни пікіріне анализ жасау үшін алған дәлелдері (аргументтер) жеткіліксіз;

  • автор қолданған тәсілдерді, әдеби терминдерді, деректерді қолдануы өте аз;

  • әдеби шығармаға қанағаттанарлық деңгейде сыни сараптама жасайды;

  • ойдың логикалық бірізділігін қанағаттанарлық деңгейде сақтайды;

  • өз талдауының, сараптауының түйінін қанағаттанарлық деңгейде қорытындылап, шешім ұсынады.

  • эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін(баяндау, дәлелдеу, сипаттау) қанағаттанарлық деңгейде таңдайды;

  • стильге қатысты сөздерді біршама тиімді пайдаланады;

  • қолданған сөз оралымдары (шылау, қыстырма сөздер) ойдың логикалық бірізділігін жеткізуге сәйкестілігі біршама деңгейде;

  • бай сөздік қорын біршама дәлдікпен, икемділікпен қолданады;

  • оқырманға ерекше әсер беру мақсатында қолданылатын көркем тіл құралдары жеткіліксіз.

Грамматикалық сауаттылық:

10 қатеге дейін



3-4

  • тақырыпты шектеулі деңгейде түсінгенін көрсетеді, тақырыптан шектеулі деңгейде ауытқымайды;

  • тезисті (ұстаным, негізгі идея) тақырыпқа шектеулі деңгейде сәйкес қояды

  • тезиске қатысты шектеулі деңгейде пікір білдіреді (сыни ой, көзқарас) ;

  • сыни пікіріне шектеулі деңгейде дәлелдер (аргументтер) келтіреді;

  • анализ жасау үшін алған дәлелдерді, автор қолданған тәсілдерді шектеулі деңгейде талдайды;

  • әдеби терминдерді, деректерді шектеулі деңгейде орынды қолданады;

  • әдеби шығармаға шектеулі деңгейде сыни сараптама жасайды;

  • ойдың логикалық бірізділігін шектеулі деңгейде сақтайды;

  • өз талдауының, сараптауының түйінін шектеулі деңгейде қорытындылап, шешім ұсынады.

  • эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін (баяндау, дәлелдеу, сипаттау) шектеулі деңгейде таңдайды;

  • стильге қатысты сөздерді шектеулі деңгейде пайдаланады;

  • ойдың логикалық бірізділігін сақтау үшін сөз оралымдарын (шылау, қыстырма сөздер) шектеулі деңгейде таңдайды;

  • бай сөздік қорын шектеулі деңгейде дәлдікпен, икемділікпен қолданады;

  • оқырманға ерекше әсер беру мақсатында қолданылатын көркем тіл құралдарын шектеулі деңгейде қолданады.

Грамматикалық сауаттылық:

13 қатеге дейін




1-2

  • тақырыпты түсінуде ауытқығанын көрсетеді;

  • тезисті (ұстаным, негізгі идея) тақырыпқа сәйкес емес қояды;

  • тезиске қатысты тақырыпқа сәйкес келмейтін пікір білдіреді (сыни ой, көзқарас) ;

  • сыни пікіріне шектеулі деңгейде дәлелдер (аргументтер) келтіреді;

  • анализ жасау үшін алған дәлелдерді, автор қолданған тәсілдерді шектеулі деңгейде талдайды;

  • әдеби терминдерді, деректерді шектеулі деңгейде қолданады;

  • әдеби шығармаға шектеулі деңгейде сыни сараптама жасайды;

  • ойдың логикалық бірізділігін шектеулі деңгейде сақтайды;

  • өз талдауының, сараптауының түйінін шектеулі деңгейде қорытындылап, шешім ұсынады.

  • эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін(баяндау, дәлелдеу, сипаттау) шектеулі деңгейде талдайды;

  • стильге қатысты сөздерді шектеулі деңгейде қолданады;

  • ойдың логикалық бірізділігін сақтау үшін сөз оралымдарын (шылау, қыстырма сөздер) шектеулі деңгейде таңдайды;

  • сөздік қорын шектеулі деңгейде дәлдікпен, икемділікпен қолданады;

  • оқырманға ерекше әсер беру мақсатында қолданылатын көркем тіл құралдарын шектеулі деңгейде қолданады;

Грамматикалық сауаттылық:

13 қатеден көп



0


  • тақырыпты түсінуде біршама ауытқығанын көрсетеді;

  • тезисті (ұстаным, негізгі идея) тақырыпқа сәйкес қоя алмайды;

  • тезиске қатысты тақырыпқа сәйкес келмейтін пікір білдіреді (сыни ой, көзқарас) ;

  • сыни пікіріне шектеулі деңгейде дәлелдер (аргументтер) келтіре алмайды;

  • анализ жасау үшін алған дәлелдерді, автор қолданған тәсілдерді шектеулі деңгейде талдай алмайды;

  • әдеби терминдерді, деректерді шектеулі деңгейде қолдана алмайды;

  • әдеби шығармаға шектеулі деңгейде сыни сараптама жасай алмайды;

  • ойдың логикалық бірізділігін шектеулі деңгейде сақтайды;

  • өз талдауының, сараптауының түйінін шектеулі деңгейде қорытындылап, шешім ұсына алмайды.

  • эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін(баяндау, дәлелдеу, сипаттау) шектеулі деңгейде таңдайды;

  • стильге қатысты сөздерді шектеулі деңгейде пайдаланады;

  • ойдың логикалық бірізділігін сақтау үшін сөз оралымдарын (шылау, қыстырма сөздер) шектеулі деңгейде таңдайды;

  • бай сөздік қорын шектеулі деңгейде дәлдікпен, икемділікпен қолданады;

  • оқырманға ерекше әсер беру мақсатымен көркем тіл құралдарын шектеулі деңгейде қолданады;

Грамматикалық сауаттылық:

13 қатеден көп






Әдебиет:

Сыни ой /Анализ/


Балл

Баға

Қазақ тілі:

Тіл сауаттылығы


Балл

Баға

9-10

5

9-10

5

7-8

4

7-8

4

4-6

3

4-6

3

0-3

2

0-3

2


Сыни ой /Анализ/

Оқушының эссе тақырыбын түсініп, тақырыпқа қатысты сыни ой білдіруі, оны нақты аргументтермен дәлелдей білуі бағаланады. Эссе барысында оқушы тақырыптан ауытқымауы керек. Сыни ой, талдаулары тезистегі негізгі идеяға, ұстанымға сәйкес болуы қажет. Анализ жасау үшін алған дәлелдерді, автор қолданған тәсілдерді түсініп талдай отырып, әдеби шығармаға сыни сараптама жасай білу дағдысы ескеріледі. Негізгі идеяға сәйкес ойдың логикалық бірізділігін сақтайды. Эссе бойынша өз талдауының, сараптауының түйінін қорытындылап, шешім ұсынады.



Тіл сауаттылығы

Эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін (баяндау, дәлелдеу, сипаттау) таңдай білуі бағаланады. Стильге қатысты сөздерді, ойдың логикалық бірізділігін сақтау үшін қолданылатын сөз оралымдарын (шылау, қыстырма сөздер) орынды қолдануы қажет. Сөздік қоры бай және оны дәлдікпен, икемділікпен қолдана білуі керек. Оқырманға ерекше әсер беру мақсатымен көркем тіл құралдарын қолдануы керек. Грамматикалық жағынан сауатты жазуы қажет.




11-сынып оқушылары үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазу емтиханында мектеп бағдарламасы бойынша таңдалған авторлар мен олардың шығармалары
Эссе тақырыптары мектеп бағдарламаларына сәйкес 10-11-сыныптардағы қазақ әдебиеті пәнінің қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына арналған оқулық пен хрестоматияға енген авторлар мен олардың шығармалары бойынша дайындалды.

Оқу-әдістемелік құралда:

1) 11-сынып оқушылары 5-9-сыныптардағы әдебиет пәні бойынша

негізгі мектепті бітіру емтиханын тапсырғандары ескерілді;

2) 10,11-сыныптардағы әдебиет пәні қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына бөлінетіндігі назарға алынды;

3) Мектеп бағдарламасы бойынша 10,11-сыныптардағы әдебиет пәні қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына арналған оқулық пен хрестоматияда екі бағытқа да ортақ енгізілген авторлар мен олардың шығармалары ғана қамтылды.


Эссе жазуға дайындық үшін ұсынылатын шығармалар
10-сынып бойынша:

Авторлары:

Қазақ әдебиеті оқулығы, 10-сынып, ҚҒБ, С.Қирабаев, Ұ.Асыл, К.Құрманбай, С.Дүйсебаев, Б.Әрінова, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл. Хрестоматия, З.Ахметов, Ұ.Асыл, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл.


Қазақ әдебиеті оқулығы, 10-сынып, ЖМБ, Қ.Алпысбаев, Б.Әбдіғазиұлы, Б.Сманов, Ж.Сәметова, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл.

Хрестоматия, Қ.Алпысбаев, Ж.Сәметова, А.Далабаева, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл.


1. Махамбет Өтемісұлы, «Қара нар керек бұл іске», «Қызғыш құс»,

«Еңселігім екі елі» өлеңдері.

2.Дулат Бабатайұлы, «Еспембет» поэмасы.

3.Шортанбай Қанайұлы, «Зар заман» өлеңі.

4. Сүйінбай Аронұлы, «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы»

5. Қашаған Күржіманұлы, «Есқали сұпыға айтқаны», «Байларға»,

«Оразалыға» өлеңдері.

6. Мұрат Мөңкеұлы, «Қыз» өлеңі.

7. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы» өлеңдері.

8. Ыбырай Алтынсарин, «Атымтай Жомарт» («Жомарт») әңгімесі.

9. А.Құнанбаев, «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» өлеңі,

19-қарасөзі, «Ескендір» поэмасы.

10. Шәкәрім Құдайбердиев, «Еңлік-Кебек» поэмасы.

11. Жаяу Мұса, «Ақ сиса» өлеңі.

12. Мұхит Мералыұлы, «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние-ау» өлеңдері

13. Үкілі Ыбырай, «Қалдырған» өлеңі.

14. Балуан Шолақ, «Ғалия» өлеңі.

15. Мәди Бәпиұлы, «Қарқаралы», «Қаракесек» өлеңдері.

16. Біржан сал, «Ләйлім шырақ», «Теміртас» өлеңдері.

17. Ақан сері, «Асыл мен Жасық», «Жақсы мен Жаман», «Құлагер»

18. Әсет Найманбайұлы, «Салиха-Сәмен» поэмасы.
11-сынып бойынша:

Авторлары:

Қазақ әдебиеті оқулығы, 11-сынып, ҚҒБ, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, Б.Ыбырайым, Ұлықман Асыл, «Мектеп», 2015 жыл.


Қазақ әдебиеті оқулығы, 11-сынып, ЖМБ, Р.Бердібай, Р.Нұрғали, Б.Ыбырайым, Ж.Дәдебаев, Қ.Мәдібай, «Мектеп», 2015 жыл.
1.Ахмет Байтұрсынов, «Қазақ салты» өлеңі.

2.М.Дулатов, «Бақытсыз Жамал» романы.

3.М.Жұмабаев, «Толқын» өлеңі, «Қойлыбайдың қобызы» дастаны.

4.Ж.Аймауытов, «Ақбілек» романы.

5.С.Сейфуллин, «Сыр сандық» өлеңі.

6.І.Жансүгіров, «Құлагер» поэмасы.

7.М.Әуезов, «Абай жолы» романы.

8.М.Әуезов, «Еңлік-Кебек» драмасы.

9.С.Мұқанов, «Сұлушаш» поэмасы.

10.Қ.Аманжолов, «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы.

11.Ж.Молдағалиев, «Мен - қазақпын» поэмасы.

12.С.Мәуленов, «Құлын», «Түбірлер» өлеңдері.

13.Т.Ахтанов, «Шырағың сөнбесін» романы.

14.Ә.Нұршайықов, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогі.

15.М.Мақатаев, «Ақ кимешек көрінсе» өлеңі, «Дариға-жүрек» поэмасы.

16.М.Шаханов, «Ғашықтық ғаламаты» өлеңі.

17.С.Жүнісов, «Заманай мен Аманай» повесі.

18.Қадыр Мырза Әли, «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңі.

19.Қ.Жұмаділов, «Тағдыр» романы.

Оқу-әдістемелік құрал жазуда пайдаланылған дереккөздер:




  • «CLRC Writing Center»

  • (http://www.udc.edu/docs/asc/Outline_Structure_for_Literary_Analysis_Essay_HATMAT.pdf);

  • http://www.cie.org.uk/programmes-and-qualifications/cambridge-international-as-and-a-level-english-literature-9695/past-papers/

  • http://www.bucks.edu/media/bcccmedialibrary/pdf/

  • Cambridge International Examinations is part of the Cambridge Assessment Group. Cambridge Assessment is the brand name of University of Cambridge Local Examinations Syndicate (UCLES), which is itself a department of the University of Cambridge.

  • http://www.tacomacc.edu/academics/studentlearningcenters/writingtutoringcenter/

  • https://k-5unitsofwriting.wikispaces.com/file/view/Grade+5+A+Literary+Essay+based+on+Eleven+by+Sandra+Cisneros.pdf

  • https://www.teacherspayteachers.com/FreeDownload/Essay-Rubric-091790000-1376770082

Тағы басқа көптеген қайнаркөздердегі мәліметтер оқылып, талданып, сарапталды.




Достарыңызбен бөлісу:

evolyuciya-formi-pravleniya-rossijskogo-gosudarstva-istoriko-teoreticheskij-aspekt.html
evolyuciya-i-fizicheskaya-privlekatelnost-devid-majers-socialnaya-psihologiya.html
evolyuciya-i-osnovnie-harakteristiki-analiticheskoj-filosofii-chast-4.html
evolyuciya-informacionnih-sistem-metodicheskoe-posobie-po-kursu-informatika.html
evolyuciya-klassovogo-soznaniya-petrogradskih-rabochih-v-1917-g-doktor-filosofii-po-sociologii.html
evolyuciya-kubizma-mih-lifshic-l-rejngardt.html
  • student.bystrickaya.ru/111vstupitelnoe-slovo-posla-rajmundu-manyu-ot-imeni-predsedatelya-vosmogo-soveshaniya-konferencii-storon.html
  • knigi.bystrickaya.ru/respublikanskij-konkurs-yunij-arhivist-nominaciya-chelovek-i-vojna-net-v-rossii-semi-takoj-gde-b-ne-pamyaten-bil-svoj-geroj.html
  • laboratory.bystrickaya.ru/zhenshini-v-zhizni-i-tvorchestve-genriha-gejne-chast-4.html
  • college.bystrickaya.ru/22zapret-na-kurenie-v-obshestvennih-mestah-dlya-zashiti-ot-yadovitogo-vozdejstviya-tabachnogo-dima.html
  • letter.bystrickaya.ru/mezhdu-drakonom-i-arhangelom-g-haan-iz-knigi-o-genii-evropi.html
  • uchit.bystrickaya.ru/stenograficheskij-otchet-zasedaniya-soveta-po-realizacii-prioritetnih-nacionalnih-proektov-i-demograficheskoj-politike-13-sentyabrya-2007-goda.html
  • institute.bystrickaya.ru/glava-4-kak-skazat-rebenku-chto-papa-budet-zhit-otdelno-olga-mahovskaya.html
  • turn.bystrickaya.ru/p-r-i-l-o-zh-e-n-i-e-2-lekciya-1.html
  • books.bystrickaya.ru/chast-tretya-323-chast-pyataya.html
  • tetrad.bystrickaya.ru/utverdit-plan-meropriyatij-po-provedeniyu-v-2012-godu-v-avtonomnoj-respublike-krim-dnya-evropi-v-ukraine-prilagaetsya.html
  • znaniya.bystrickaya.ru/rabochaya-programma-disciplini-disciplina-d-sovremennaya-apparatura-i-metodi-issledovaniya-biologicheskih-sistem.html
  • testyi.bystrickaya.ru/7-osnovnie-harakteristiki-byudzheta-municipalnogo-obrazovaniya-vklyuchaya-formirovanie-dohodov-rashodov-deficita.html
  • institute.bystrickaya.ru/gabriel-garsiya-markes-sto-let-odinochestva-stranica-6.html
  • universitet.bystrickaya.ru/tema-10-yuridicheskie-fakti-i-fakticheskie-sostavi-poyasnitelnaya-zapiska-k-programme-uchebnogo-kursa.html
  • paragraf.bystrickaya.ru/zadachi-statisticheskoj-nauki-predmet-statistiki-aktualnost-i-mesto-etoj-nauki-v-sovremennih-usloviyah.html
  • kanikulyi.bystrickaya.ru/zakon-arhimeda-plavanie-tel.html
  • klass.bystrickaya.ru/626-materialno-tehnicheskaya-baza-otchet-tverskoj-gosudarstvennoj-selskohozyajstvennoj-akademii-o-rezultatah-samoobsledovaniya.html
  • lektsiya.bystrickaya.ru/prirodnie-istochniki-uglevodorodov.html
  • teacher.bystrickaya.ru/glava-pyataya-russkij-dramaticheskij-teatr-vo-vtoroj-polovine-xix-veka.html
  • ekzamen.bystrickaya.ru/salmonellezi-u-detej-lekciya.html
  • institut.bystrickaya.ru/trebovaniya-k-sooruzheniyam-i-meropriyatiyam-inzhenernoj-zashiti-sistema-normativnih-dokumentov-v-stroitelstve.html
  • desk.bystrickaya.ru/pamyat-svyatih-muchenikov-iuliana-i-kesariya-zhitiya-svyatih-tom-10-oktyabr.html
  • literatura.bystrickaya.ru/referativnoe-opisanie-tem-i-trebovaniya-k-urovnyu-podgotovki-uchashihsya-rabochaya-programma-uchebnogo-kursa-po-informatike.html
  • uchitel.bystrickaya.ru/programma-tretej-mezhregionalnoj-nauchno-prakticheskoj-konferencii-prava-cheloveka-i-problemi-bezopasnosti-obshestva-i-lichnosti-v-sovremennoj-rossii-volgograd.html
  • turn.bystrickaya.ru/polozhenie-o-vistavke-innovacionnogo-tvorchestva-detej-i-molodezhi-innovatorium.html
  • shpargalka.bystrickaya.ru/uroka-prirodnie-istochniki-uglevodorodov.html
  • otsenki.bystrickaya.ru/rekomendacii-po-vipolneniyu-kursovih-rabot-specialnost.html
  • vospitanie.bystrickaya.ru/zadachi-i-resheniya-7-chastota-nachisleniya-slozhnih-procentov-9-tekushaya-stoimost-deneg-10.html
  • tetrad.bystrickaya.ru/uchebnoe-posobie-chast-2-et-kemerovo-2002-ministerstvo-obrazovaniya-rossijskoj-federacii.html
  • uchebnik.bystrickaya.ru/vazhnost-temi-dlya-izucheniya-tvorchestva-tolstogo-postanovka-celej-uroka-zvuchanie-temi-v-tvorchestve-drugih-pisatelej.html
  • ucheba.bystrickaya.ru/pravila-napisaniya-i-oformleniya-diplomnih-rabot-izdanie-3-e-ispravlennoe-i-dopolnennoe-gorno-altajsk-rio-gorno-altajskogo-gosuniversiteta-2009.html
  • uchebnik.bystrickaya.ru/udovletvorennost-trudovoj-deyatelnostyu-kak-pokazatel-effektivnoj-kulturi-organizacii.html
  • zanyatie.bystrickaya.ru/prilozhenie-2dogovorennost-o-pravilah-i-procedurah-reguliruyushih-razreshenie-sporov.html
  • grade.bystrickaya.ru/ocenka-sprosa-na-specialistov-razlichnogo-urovnya-professionalnogo-obrazovaniya-v-ekonomike-regiona.html
  • shpora.bystrickaya.ru/zadachi-na-shemu-bernulli-a-n-borodin-elementarnij-kurs-teorii-veroyatnostej-i-matematicheskoj-statistiki-izdatelstvo.html
  • © bystrickaya.ru
    Мобильный рефератник - для мобильных людей.